Сібір жарасы (түйнеме) - аса қауіпті зооноз тобындағы жұқпалы ауру.
Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия.Қоздырғыш қауіпті, өйткені ол споралар түзеді және ондаған жылдар бойы топырақта сақталуы мүмкін.
Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.
Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы.
Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтіп, науқастың өліміне әкелуі мүмкін.
Ауру көбінесі тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымдалады.
Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Сондықтан оның аты грек тілінен аударғанда «anthax – көмір» деген мағынаны білдіреді. Оның айналасында сезімдалдық мүлде болмайды.Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықанады. Карбункулдың ең көп ораналсатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі.Үрдістің сепсиске ұласуы қоздырғыштың тыныс алу, асқазан ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі.
Науқасты бағыттау:
Күйдіргімен ауыратын науқасты емдеу қатаң инфекциялық стационарда жеке оқшауланған Мельцер боксында жүргізіледі, биологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында медицина қызметкерлері науқасқа жоғары дәрежедегі жеке қорғану құралдарымен қызмет көрсетеді.
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы -
Ол жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау – дерттің кең етек жайюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар сібір жарасына шалдығатынын естерінен шығармаса игі болар еді.
Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Аурудын белгілерін байқаған жағдайда науқас медициналық көмекке жүгіну тиіс.